Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Ақырет ақиқаты > Сенім жемісі және Хашр

Сенім жемісі және Хашр

2015-06-17 2650

Аллаһқа иман етуден кейінгі адамзат баласының бақытты ғұмыр кешуі ақыретке иман етуге тікелей байланысты.

Жасаған істерінің есебін беретініне сенбейтін адамның өмірінің қайырлы болуы – неғайбыл нәрсе. Ал керісінше әрбір аттаған қадамы үшін арғы дүниеде Аллаһқа есеп беретінін естен шығармай сөзі, әр тыңдауы мен жүрегінің әрбір тілегін ақыретте Ұлы Жаратушыға жауап беретінін ескере отырып, байыппен бағалай білген адамның ғұмыры барынша салауатты өмірге айналары сөзсіз.

«Сендер қандай жағдайда болсаңдар да, мейлі Құран оқып жат, мейлі басқа іспен шұғылдан, сол сәттердің бәрінде Біз сендерді бақылап тұрамыз. Жерде де, көкте де зәредей нәрсеге дейін Аллаһтың назарынан тыс қалмайды. Одан кішкентай немесе одан үлкен нәрселердің бәрі ап-айқын бір кітапта жазылған. (Яғни, бәрі де ләухул-махфузда – Аллаһтың ілімінде жазылған.)»[1]

Иә, барлық дағдылар мен әрекеттер мәртебелі періштелердің бақылауында болады. Ірілі-ұсақты, ашық-жасырын, біздің өзімізге қор, бірақ Аллаһ тарапынан жоғары бағаға ие болған, сондай-ақ бізге жақсы көрінгенмен Аллаһ-тың алдында еш мәні жоқ нәрселер, бәрі де анықталуда. Бар іс-әрекетімізді бақылап, жазып отыратындар және осылардың есебін алатын «Дәйиан» (Барша нәрсенің есебі мен ақысын ең жақсы білетін және соған қарап беретін) Аллаһ бәрін де көріп білуде.

Осындай рух пен санада өткен өмір – тура жолда, ал осы рух пен сананы өзек еткен қоғам – бақыттың жетегінде және осы рух пен санаға ие отбасы – жәннат бақшаларының бір бақшасындай болмақ.

Иә, адамзат баласы үшін азғындықтан арылудың жалғыз ғана жолы бар, ол – өлгеннен кейін қайта тірілетініне сенуі. Жастық желіктің алдын алатын, оның есірігін басатын; бірте-бірте өлімге қарай жол алған әрбір қадамында көңілі жарақат алып, үмітсіздік шырмауына түскен қарттарға үміттің шырағы болатын; сәбилердің балауса жүректеріне бақыт шамын жағып, жарық өмірге жетелейтін тек қана осы ақыретке деген иман ғана.

Жас пен кәрі, еркек пен әйел, әділ мен залым – бәрі де су мен ауаға қалай мұқтаж болса, ақыретке деген иманға да сондай мұқтаж.

«Хашірге иман ету» – адамдардың жанына әрбір жұтымымен бейбітшілік пен тыныштық орнататын балбұлақтың суын ішумен бірдей. Сондықтан адамзаттың бақыты мен тыныштығы үшін тер төккен, оған бақытты өмір салтын ұсынуды өзіне мақсат етіп қойған барлық ойшылдар мәселені дәл осы тұрғыдан қарастырғандары абзал.

Жеке тұлғаның, отбасының, қоғам мен жалпы жұртшылықтың нағыз бақытқа қол жеткізуі, салауатты өмір сүруі тек қана ірілі-ұсақты барлық амалдардың есебі берілетін бір ақырет күніне деген сенімге байланысты.

Құран Кәрім:

«Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, соның қарымын алады. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады»[2],– деп, зәредей жақсылық жасаған адамның сол жақсылығына сый алатынын немесе зәредей жамандық жасаған адамның сол жамандығының жазасын тартатынын жар салып, осылайша, жауапкершілік сезімін адамдардың мойнына жүктейді. Адам осы иман мен сенімді бар болмысымен қабылдағаннан кейін, оған «Қалағаныңды жасай бер!» деуге де болады. Себебі, иман нұрына шомылған адамның әрбір жасаған ісі алдынан сол қалпында шығатынын айқын білетіндігінде шүбә жоқ. Ал мұны түйсінген адам маңдайын ақ, жүзін жарқын ететін, ұятқа қалдырып жерге қаратпайтын амалдарды мейлінше көп жасау керектігін жақсы біледі.

Балаға келетін болсақ, ол да өзінің әлсіз, талдырмаш, нәзік тұлғасымен тек қана хашірге иман ету арқылы ғана бақытты өмірге қол жеткізе алады. Барлық адам балалық шағын осы тұрғыдан еске алып, қиялымен балалықтың бейқам күндеріне шолу жасаса, әлгі айтылған уәжді растары сөзсіз.

Иә, бала жүрегі өте нәзік, әрі болған оқиғаларды сараптап, қорытындысын болжауға санасы жетпейді. Тіпті, қиналған кезде үлкендер сияқты іштегі дертіне шипа іздеп көңіл көтеріп, өзін бір сәтке болса да тыныштандыра алмайды. Сол үшін өлім қайғысы бала жүрегін үлкендердікінен де бетер сыздатады. Келмеске кеткен ет жақындары оның жанын жаралап, көңіліндегі орнын ойсыратып кетеді. Әке-шешесі қайтыс болған баланың жан дүниесі толығымен опырылып, ойран болғандай күй кешеді. Ішкі сарайын нұрландырған жұлдыздардың барлығы дерлік бірден сөніп, жан дүниесін қараңғылық өзінің қара суығымен терең шыңырауға тарта береді. Бұны адамдық сезімі бар әрбір адам сезіне алады.

Бала кезімде бір бауырым қайтыс болды. Оның мазарына барған сайын қолымды жайып, «Аллаһым, оны тірілтсең, жүзін бір көрсем» деп жалбарынатын едім. Енді осындай сезімді басынан өткізген мен сияқты мыңдаған адамдардың жүрегінен өлгеннен кейін қайта тірілуге деген сенімді өші-ріп, көңілінен осы иманды түп-тамырымен жұлып тастасаңыз әлгі жаралы жүректі, қам көңілді немен емдеп, іштегі күйік өртін немен сөндіресіз? Жо-жоқ, басқа ешнәрсемен оған дауа болып, оның өртін сөндіре алмайсыз. Алайда, тек хашірге деген қуатты сенім ғана осындай күйзеліс пен күңіренуден әбден сілесі қатып, дел-сал болған балаға кең тыныс алдырып, көңіліне жай таптырады.

Иә, жақындарынан айрылған баланың жүрегіне демеу, көңіліне сүйеу болатыны – тек қана олардың жәннатқа кеткендеріне сену. Осы ғана сәби көңілге дем беріп, оны ауыр дерттен құтқарады.

Жасы қанша кіші болғанмен бауыр басып қалған бірі, үлкендері немесе онсыз өмір сүре алмаймын деп білетін жақсы көретін адамы қайтыс болғанда оның нәзік жүрегінде жазылмайтын жара пайда болады. Бұл дәрменсіз жараға мына ой ғана ем бола алады: «Бұл жерден ол басқа өмірге аттанып кетті, бірақ Аллаһ оған сол жақта жәннаттың есігін ашады. Қазір ол жәннат бақшасында құстай ұшып, қалықтап жүр. Мен өлген кезде, мен де сол сияқты ұшамын». Немесе бақилық адам ересек жан болса: «Ол өлді. Бірақ, ол жақта кейін мені құшағына қысып, сүйеді, басымнан сипап, бауырына басады», – деп ойлайды. Міне, осы секілді ойлар өлімнің салдарынан туындаған қоштасудың орнын толтырып, дәтіне қуат, қанталап тұрған жан жарасына дауа болады.

Сіз нағыз бақытты қалайсыз ба? Түтіні мұржаларынан будақтаған фабрикалардың санын көбейтіп немесе ғарыш кеңістігін жаулап алсаңыз да ондай бақытты таба алмайсыз. Нағыз бақыт – осы иманнан туындаған бақыт. Иә, өлгеннен кейін тірілуге негізделген бақыт – сол хас бақыт.

Қарттар... Әр қадамымен өлімге бір сәт жақындай түскен қарттар... Қазулы күйде сыз қабірлері оларды күтіп тұрғанда, зымыраған уақытпен бірге жарысып өлімге бір табан жақындаған сайын, олар нені алданыш етіп, қалай ғана өздерін жұбата алады?.. Айнаға қараған сайын бірден көзіне оттай басылатын селдір ақ шаштардың жүректерді тіліп өтетін қара қайғысынан қалай арыла алады? Осы жайдан пайда болған рухындағы дағдарысты қалай тоқтата алады? Осы жасқа келгенге дейін баласы, немересі, дос және туған-туыстарының ішінен о дүниеге шығарып салған жақын адамдары көкірегіне кездіктей қадап кеткен қайғысының ащы уытын немен жаза алады?

Жастық шағы, денсаулығы, атақ-даңқы мен мансабынан айрылғанда және жүрегінде осы бардан айрылудан туындаған үрейлі іздер сайрап жатқанда сіз оны қалайша жұбата аласыз? Оған қандай да бір материалдық жұбаныш ұсынған болсаңыз да оны үнемі қыспаққа алып жүрген қорқыныш сезімінен мүлде құтқара алмайсыз. Ендеше барлық адамдар сияқты қарттардың да бақытты сезіне алуы үшін жалғыз тәсіл – өлгеннен кейін қайта тірілуге сенімін ояту ғана! Оларды аждаһадай аузын ашып күтіп жатқан қорқынышты қабірді адам баласы арғы дүниеге жүріп өтер кездегі бір дәліздің жай қарапайым есігі екеніне сендіру! Ол жерді жәннаттың бақшасына өту үшін күту залы деп көрсету! Аллаһ Тағаланың рақымдылығы мен кешірімінің туы желбіреген бір жер ретінде анықтама беру! Міне, осының бәрі оның көңіліне хош жұбаныш болары сөзсіз!

Құран Кәрім Хазіреті Зәкәрияның (а.с.) тілімен былай дейді: «Раббым,- дейді, Мен сүйегім саудырап, шашым ағарып, қалжырап барамын. Раббым, Саған дұға жасап, жалбарынған кездерімде еш бақытсыздыққа душар болмадым»,[3]дегенін, артынан Оның қайырлы бала нәсіп ете гөр деп тілеуін әңгімелеген кезде дүниені тәрк етуге дайын тұрған адамның жанайқайын өте тамаша өлең ұйқасымен суреттейді. Рухтың осы жанайқайын теңдессіз суреттеп, баяндау – Құранның мұғжизалық бір тармағы. Әрбір саналы адам ар-ұжданына бір сәт құлақ түргенде және жүрек түкпіріндегі ащы мысқыл күлкіні көргенде  жан сарайынан шыққан мұндай айқайды бар болмысымен сезінеді. Алайда оған осы жағдайда жанына жалау, көңіліне медет болатыны, жан дүниесіндегі аласапыран дауылды басатын жалғыз ғана жолы – ақыретке деген иман. Бұл иман оның құлағына бейне бір өміріне жан бітіретін мына сөздерді сыбырлайды: «Өміріңді тәмамдадың. Міндетіңді атқардың. Сені бұл өмірге жолдаған шексіз рақым иесі Хақ Тағала ары қарай мына шөлде саған құр сүлдеріңді сүйреттірмейді, сені құзырына алып,  саған арнап дайындаған сыйларын тарту етеді...»

Иә, осы немесе осы тектес сүйінші хабарлар әлгі қартқа нағыз бақыт  пен жан рақатын сезінуге мүмкіндік береді. Себебі, ол өзінің негізгі мекені  – ақырет әлеміне аттануға дайындалуда.

Қоғам өмірінің үлкен бөлімін жастар құрайды. Сотқар да сорақы жастар өмірді тозаққа айналдырады. Бір жағынан сахабалар секілді өмірлері нұрға бөленген, жүздері бақыт шуағын шашқан, әрбір іс-әрекетінде Аллаһты еске түсіретін, жанарлары жәннат жарқылдаған жастар болса өмірді пейішке айналдырады. Иә, жастар хашірге (өлгеннен соң қайта тірілу) сену арқылы нағыз болмыстарын тапқан болса, бұл иман жүректері мен саналарынан жоғалған сәтте адамзаттың тыныштығын бұзатын бұзақыға айналады. Бүгінде адам баласы тыныш өмірін жоғалтқан болса, ол да өмірінің әрбір сәті желікпелік пен есерсоқтықпен өтіп жатқан жастардың салдарынан. Педагогтар мен тәрбиешілер бұның шешімін табамыз дегенмен, керісінше атқарған іс-шараларымен жастардың жараларын одан сайын тырмалап, ушықтырып, жазылмас жағдайға ұшыратқан. Алайда бұл жараның дауасы – өлгеннен кейін тірілуге сену. Себебі, ең күшті шара – жастардың басатын әрбір қадамын Аллаһқа есеп беретініне сене отырып басуына жол ашу және осы түсінікті олардың бойында қалыптастыру арқылы мүмкін болады. Хазіреті Омар (р.а.) бір күні мешітке бара жатқан еді. Жолда мешітке қарай бетке асыға басып бара жатқан бір баланы көреді. Жүрісін жылдамдатып, балаға  жақындап келіп:

–  Ей, балақай, саған намаз әлі парыз емес. Неліктен аласұрып, мешітке қарай асығып барасың? – деп сұрайды. Бала тек қана былай жауап қатты:

–  Ей, мұсылмандардың әміршісі, кеше біздің жақта бір бала қайтыс болды!..

Тура жолдың негізі және тірегі тек қана барлық нәрсе-нің көрініп, білінетін, анықталатын, есебі алынатын күнге қарай өмірін түзуге байланысты. Әлемдегі барлық әрекет пен оқиғалардың Аллаһтың қалауымен түзілуіне сәйкес адам да өмірін өз ерік-жігерімен басқаруға мәжбүр әрі міндетті. Міне, осы ерікті орнымен қолданудың нәтижесінде Аллаһ рақымдылық пен мейірімімен адамға, оның бүкіл қалауларына жауап беріп, хор қыздары мен ғылман жігіттері (жәннаттағы қызметші бозбалалар) және пердедарлар (жәннат сарайларындағы күзетшілер) қызмет көрсететін жұмағын сыйға тартады.

Себебі, ерік – Аллаһ Тағаланың Рахман және Рахим есімдерінің сәулесі. Жәннат та – сол есімдердің көрінісі. Бұл жерде адам әлгі ерікті дұрыс әрі парасатты қолданса, оның жемісін Хақ Тағаланың Рахман және Рахим есімдерінің көрінісі ретінде алады.

Иә, өмірдің ақыретке қарай түзілуі және барлық құпия-жұмбақтардың сыры белгілі болатын бір күн барын есте сақтаудың арқасында тұлға, отбасы мен қоғам бақытқа кенеліп, әсіресе жастар тура жолға түсіп, белгілі бір тәртіп пен  жүйе бойынша өмір сүріп, басқа адамдардың тыныш өмірінің қаймағын бұзбайды.

Сәхл б. Сад (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір күні Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) құлағына бірнеше күн бойы үйіне қамалып алып, жылауын тоқтата алмаған бір жігіттің хабары жетеді. Екі жиһан Сәруары (с.а.у.) әлгі жігіттің үйіне барады. Ішке кіргені сол екен, жас жігіт қуаныштан орнынан атып тұрып, Пайғамбарымыздың құшағына қойып кетеді. Сәлден кейін әлгі жігіт жерге құлап түседі. Жігіт қайтыс болған еді. Рахмет Пайғамбарының (с.а.у.) көздері жасқа толып, аузынан мына сөздер төгіледі: «Досыңызды соңғы сапарына шығарып салыңыздар. Жәһаннамнан қорыққанынан оның өті жарылды.  Аллаһтың атымен ант етейін, Аллаһ оны тозақтан аман сақтайды».[4]

«Алайда, кім Раббысының құзырынан қорқып, нәпсісін жаман әуестерден тыя білсе, оның баратын жері жәннат болары анық».[5]

Жаратушысының құзырына шығып есеп беретіні жайлы толғанатын және осы толғанысына қарай өмірінің желкенін дұрыс бағытқа салатын адам Раббысының қорғауында. Себебі, Шексіз Рахмет Иесі құдси бір хадисте былай деп сүйіншілейді:

«Өз-өзіне сенімді болу мен қорқуды екі дүниеде бірге бермеймін».[6]

Бұл жерде қорыққан адам ақыретте Аллаһтың панасында болады. Осы жолдан басқа жастардың есерсоқтығына тосқауыл болатын қандай заң бар? Адамды сақтап қалатын бір қорғаныс шеңберін, я болмаса алаңды білесіз бе? Егер бұл сұрақтарға «жоқ» деп жауап берсеңіз, сіз де оң райға кірген боласыз. Барлық тәрбиешілер мен педагогтар бұл ақиқатқа зер салып, осы дәстүрді іске асыруы керек.

Жастар – біздің болашағымыз.  Бұл мәселеге әділетсіздіктің алдында аюдай ақырып, ашу шақырған бір жас жігітке қарап: «Жастары болмаған ұлт – құрдымға кетеді», – деген Хазіреті Омардың (р.а.) сөзі тұрғысынан  қарайтын болсақ,  асқақ ой мен биік адамгершілік  қасиетке ие жас-тарды қоғамның өзегі деп айта аламыз. Мұндай ұлт жаңа өркениеттің белесіне көтерілетін үлкен қабілетке ие болмақ. Ал егер керісінше болған жағдайда ұлт құлдырайды. Олай болса, ұлттың өсіп-өркендеуінің ең маңызды себебі – ақырет сенімі бойын билеген жастар екені даусыз. Нәтижесінде иманы күшті, сенімі нық адамдар бақытты өмірдің іргетасын қалай алады және тек иманды адамдар ғана нағыз бақытқа қол жеткізеді. Жастар өз ұлтының еңсесін көтере де алады, жерге де қарата алады. Ұлт – жастары арқылы өседі немесе өшеді.

Адамзаттың бір бөлігін науқастар, әділетсіздікке ұшырағандар, қиянат көргендер мен табиғат апаттарынан зардап шегушілер құрайды. Хашірге сенудің бұлардың рухына да өте үлкен пайдасы бар.

Науқас адам үшін сәт сайын өзіне жақындай түскен ажал тұзағы мен қараңғы қабірдің құрығынан құтылудың бірден-бір жолы, көңіліне жұбаныш болатыны –  қабірді мәңгілік өмірге қарай алып баратын қақпа ретінде қарау. Осы ғана олардың өшкен үмітінің отын қайта жаға алады. Егер қабірді науқас адам мәңгілік бақытты өмірге алып баратын бір жол деп қарамаса, ол еш уақытта адасқан бақытын таба алмайды. Ол жанын қинаған азапты шаншуларына, бас пен бел ауруларына, рак пен гангреналарына қарсы тек осы сенімімен жұбаныш тауып, кей кездері ажалдың шеңгелді тырнақтары кеңірдегінен ала түскендей болғандағы күйзелісіне тек қана осы иманымен қарсы тұра алады. «Иә, мен кетемін, мені ешкім де бұл жерде ұстап тұра алмайды... Алайда денсаулығыма, мәңгілік жастығыма қауышамын және барша жанның міндетті түрде қайта оралатын мәңгілік мекені – Аллаһтың құзырына кетемін», - деп ауруын ұмытып, жаны жай табады. Аллаһтың жолында жүрген жандар рухын тәслім етер кезде Ұлы Досымен жүздесудің қуанышы жүздеріне нұр боп ұялап, сол күйінше жүріп кетеді.

Жалагсын оқу



Оқи отырыңыз