Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Дін насихатында сыпайылықтың орны

Дін насихатында сыпайылықтың орны

2015-06-08 2494

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтпақшы, бүгінгі күні дінді түсіндіруге деген әркімнің де ынта-ықыласы байқалатыны шындық. Алайда жауапкершілігі салмақты дін мәселесін насихаттаудың өзіндік ескерер талаптары жоқ емес. Біз бүгін сол талаптардың бірі ретінде сыпайылық таныту, жұмсақмінезді болу, дөрекі болмау турасында сөз етпекпіз.

Иә, сыпайы мінез – адамдағы ізгі қасиеттің бірі. Қазақ атамыз «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, Қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады» деп бекер айтпаған. Осы орайда дінге шақырудағы негіздердің бірі болып табылатын жұмсақ сөйлеуге тоқталсақ.

Құранда бұл сөз «қаулы ләйн» деп беріледі. «Жұмсақ сөз» деп аударылатын ол ұғым сыпайы сөйлеу, мейіріммен үн қату, тәтті сөйлеу деген мағыналарды да қамтиды. Расында, күнделікті өмірде дөрекілік еш нәрсені де шешпейді. Қайта мәселені барынша ушықтырып, адамдардың бір-бірімен ерегесін күшейте түседі. Ал дін насихаты секілді нәзік мәселеде бұны ескермесе болмайды.

Осы тұрғыдан келгенде Құранда кездесетін мына бір жайт ой саларлық. Кезінде Мысыр елінде перғауынның өзін құдайға балап, шектен шыққаны белгілі. Сол дәуірде Жаратушы ие хазірет Мұса мен Харұнды Перғауынға жұмсап тұрып былай деп ескерткен:

اذْهَبَا إِلَى فِرْعَوْنَ إِنَّهُ طَغَى فَقُولَا لَهُ قَوْلًا لَيِّنًا لَعَلَّهُ يَتَذَكَّرُ أَوْ يَخْشَى

«Екеуің Перғауынға барыңдар, өйткені ол қатты азғындады. Онымен жылы әрі сыпайы түрде сөйлесіңдер. Мүмкін есін жинар немесе сәл тартынар» (Tаhа, 20/44.)

Әріп Тәңірбергенов бабамыз бұл оқиғаны былай деп өлеңге қосқан:

Мұсаны Перғауынға жіберді Хақ,Сөз айтсаң, әмір қылма, жұмсақ боп бақ. Жұмсақ сөз бен тәрбие тез ұғылмақ Көзі барлар көрмей ме осыны нақ?!

Перғауынға жылы сөйлеңдер деген бұйрық расында ойланарлық. Ибн Аббас аяттағы «қаулан ләйинан» ұғымын хазірет Мұса мен Харұнның сөйлескенде дөрекілікке бармай, жұмсақтық таныту ретінде жорамалдаған [1, 262 б.]. Бұдан дінге шақыру мәселесінде дөрекілік пен қатаңдық емес, жұмсақ сөз бен мейірімге орын берілгенін көреміз.

Иә, жұмсақ сөз тыңдаушының көңіліне әсер береді әрі анағұрлым пайдалы нәтижелерге жол ашады. Сондықтан дінге шақырғанда сыпайы мінез танытудың халықтың жүрегіне әлдеқайда жағымды әсер ететінін, ал дөрекілік танытудың жұртта жеккөрушілік тудыратынын білген дұрыс.

 Шындап келгенде, сыпайы сөз бен тәтті тіл ақиқатқа шақыруда бүкіл пайғамбарлардың жүгінген әдісі. Өйткені ақиқатқа шақыруындағы пайғамбарлардың мақсаты өркөкіректену, бекерге дөрекілік таныту емес, қайта тыңдаушының көңіліне тимей, бірақ жүрегіне ақиқаттың сәулесін төгу. Айталық, Құран хазірет Ибраһим (а.с.) жайлы «Ибраһим мейлінше жұмсақмінезді, мейірімді әрі Аллаға берілген құл еді» (Хұд сүресі, 11/75) деген.  

Ардақты Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) да адамзатқа ислам дінін жеткізерде, жұртқа барынша жұмсақ қарап, сыпайы қарым-қатынас жасаған. Мешіттің бір шетіне барып дәрет сындырған бір бәдәуиге өзге сахабалары қатты ренжігенде, бәрін сабырға шақырып, артынан бәдәуиге мешітті олай ластауға болмайтынын жай сөзбен түсіндірген. Жары Айшаға да жұмсақмінезділікті әрдайым негізге алу керектігін білдіріп: «Айша, сен жұмсақтық таныт. Өйткені жұмсақтық болса, ол жердің әрі кіреді, ал жұмсақтық болмаса еш нәрсенің тартымдылығы қалмайды» [2, 310 б.] деген. Ардақты сахаба Мұсғаб ибн Үмәйірдің де (р.а.) Мәдина халқын исламға шақыруында оның сыпайы мінезі ерекше орын алғаны белгілі. Тіпті хазірет Пайғамбар (күндізгі уақыттарда) ауыз бекіткен (түнгі уақыттарын) құлшылықпен өткізген кісінің жеткен дәрежесіне пенденің көркем мінезбен әрі сыпайылықпен жете алатынын білдірген.

 Мына хадистер де жұмсақ мінезділікке шақырады:

«Тозаққа харам етілген немесе оған тозақ харам етілген кісі кім екенін айтайын ба? Тозақ жұмсақ мінезді, сыпайы, ауырлық салмайтын, халыққа жақын кісіге харам етілген»; «Рыфқтан (жұмсақтық) нәсібі бар адамға игіліктен де нәсіп бұйырған. Жұмсақтықтан нәсібі жоққа игілік те бұйырмағаны» [3, 67 б.]

 Міне, хазірет пайғамбардан жеткен осындай өсиеттер мүминдерге көркем мінез бен жұмсақтыққа, сыпайылыққа ұмтылу керектігін аңғартуда.

Ендеше, жұмсақ сөйлеу туралы айтылған аяттар мен хадистер дін насихатшысына тек жұмсақ сөйлеуді емес, сыпайы мінезді болуды да міндеттейтінін  түсінеміз. Кері жағдайда, көптеген қателіктерге жол берілуі мүмкін. Осы себепті жұмсақ сөйлеудің қалыпты дағдыға айналуының жақсылық жаршылары үшін маңызы зор. Сөздің жұмсақтығы іс-әрекет, жүріс-тұрыс, бүкіл қимыл-қозғалысының да сыпайы болуымен тығыз байланысты. Бұл тұста мына мәселені де елемей кетуге болмайды: жұмсақтық пен сыпайылық иман мен ислам негіздерін босаңсытып не өзгертуді білдірмейді. Сондықтан жұмсақмінезділік жұртты махаббатпен исламға шақыруда керекті әдіс деуге болады.

Мұсылманшылықты ұстанған ата-бабаларымыз да халық арасындағы бауырмашылдық пен бірлікті, ынтымақ пен ағайындықты нығайтуда әрқашан жұмсақ мінезді болуды насихаттаған.

Әбубәкір Кердері бабамыз (1861-1905) бұл қасиеттің бойдағы жылу, жүректегі иманнан келетінін білдіріп:

...Нұр иманның белгісі – Көңліміздің жұмсағы!- десе, оны Әсет Найманбайұлы (1867-1923): ...Мамықтай мінезіңді жұмсақ қылып, Жылы жүз, тәтті сөзбен мақтауға тол, – деп толықтырады. Әріп Тәңірбергенұлы бабамыз өз өлеңінде әсіресе үлгілі сөз айтып, ұнамды ақыл-кеңес беретін, тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысатындарға былай деген: Болмайды насихатшы неге жұмсақ, Майда тіл әсер қылмақ түбін қусақ. Ақырып айтқан сөзден көңіл қалар Сағынар тәтті сөзге әркім сусап. [4]

Қорыта келгенде, адамдағы ең ізгі қасиеттің бірі осы сыпайы мінез деуге болады. Белгілі бір ақыл-парасат деңгейі мен білімділікті қажет ететін ол жұртпен араластықта достыққа, түсіністікке жол ашады. Әсіресе, білімді жандар халықты ақиқатқа иітіп, дінге шақырғанда, жұртқа мейлінше мейіріммен қарап, жұмсақ іс-әрекет жасаған әрі сыпайы тілмен сөйлеген пайғамбарлардың әдістеріне жүгінгені жөн.

Анығында небір дөрекі, қатал мінезді адамдардың өзі жылы жүз бен тәтті сөзге жұмсаруы мүмкін. Осы себепті дін насихатшылары әрдайым сергек күй танытып, тыңдаушыларына сыпайы мінезбен жақындауға тырысуы керек. Кеңпейілділіктің де бұл тұста алар орны ерекше. Басқаша айтқанда, жақсылықты дәріптеуші әр адамның міндеті жұмсақ сөйлеу әрі толерантты болу. Өйткені, имандылыққа шақырудың негізі жұмсақтықта жатыр. Ендеше, жұмсақмінезді, сыпайы, тіл табысуға жеңіл адам болу рухани құндылықтарды жұртқа жеткізуде өте маңызды қасиет деуге болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  • Yeniumit журналы. №93. 2011.
  • 2.      Әбу Дәуіт Суләйман әс-Сижистани, әс-Сунән, Жихад, 2. Мы­сыр, ж.к.

    3.     Тирмизи Әбу Муса Мұхаммад ибн Сәурә, әл-Жамиус-Сахих, Китабул-бирри уәс-сыла, 67. I-V том, Каир, 1935-1975.

  • Бағашар Қ. Ислам және өнеге. Көкжиек баспасы. Алматы 2010. – 224 б.


  • Оқи отырыңыз